​СПОРТШЫЛАР «ЧЕМПИОНДАР АЛЛЕЯСЫНА» АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ

24 мамыр

Бүгін Астанадағы «Чемпиондар аллеясында» танымал қазақстандық спортшылар ағаш отырғызды. 2014 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тен, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жүлдегері Галбадрах Отгонцэгцэг, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов пен Пхенчхандағы Олимпиада ойындарында еліміздің байрағын көтеріп шыққан Абзал Әжіғалиевтің енді өз атындағы ағаштары пайда болды.

1

«Чемпиондар Аллеясы» - Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Астана қаласы әкімдігі бірлесе ұйымдастырған дәстүрлі эко-бастама. Астанадағы «Чемпиондар Аллеясы» Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарынан кейін бой көтерді. Яғни, аллеяға алғаш болып Рио ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ағаш отырғызған болатын. Бұл дәстүрді қазақ спортының ардагерлері мен өткен Олимпиада ойындарында топ жарған спортшылар жалғастырды.

«Мен мұндай қызықты жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Өйткені, біз қайырымды іс тындырдық. Кез келген ер адам ағаш егіп, жаңа өмірдің басталуына себепші болуды армандайды. Спортшының мансабы он жылға созылуы мүмкін, ал ағаштар жүздеген жылдар бойы өмір сүреді. Бұл мен үшін үлкен оқиға. Болашақта менің отбасымның мүшелері осы аллеяға келіп, өз әулеттерінің бөлшегі бар екенін сезінсе, бұл - бақыт», - дейді Денис Тен. Бүгінде Денис елорданың 20 жылдығына арналған «Денис және оның достары» мұзды шоуына қарқынды дайындық жүргізіп жатыр.
«Мұндай шараға қатысу бақыты бізге жиі бұйыра бермейді. Сол себепті, мен өзге де спортшылармен бірге мұндай қайырымды шараның мүшесі болғаныма қуаныштымын. Осындай мүмкіндік бергендеріңізге рахмет», - дейді дзюдошы Отгонцэгцэг Галбадрах. Спортшы Астанаға ат басын бұрған сайын аллеяға соғып кетуді дәстүрге айналдырмақ.

Бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшаловтың да айтары бар. Боксшы ағаш отырғызып, аллеяның өркендеуіне өз үлесін қосқаны үшін қуанышты.

2

«Ер адам бұл өмірде үш нәрсені өз міндетім деп есептейді. Ол – ұл тәрбиелеу, үй салу және ағаш отырғызу. Астанамыздың төрінде ағаш отырғызып, қаланың гүлденуіне үлес қосу - мен үшін үлкен мәртебе. Бізге осындай мүмкіндік сыйлаған Ұлттық Олимпиада комитетіне алғысым шексіз. Күн жылыған соң осында балаларымды алып келіп, алыстан қыдырып келетін туған-туыстарымды да «Чемпиондар аллеясына» шақырамын», - дейді Мерей Ақшалов.

«Ғашықтар саябағы» аллея үшін арнайы таңдап алынды. Өйткені, гүлзар қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Сонымен қатар, болашақта «Чемпиондар аллеясының» аумағы кеңейе түседі.

3

Астана әкімдігі қаланы көгалдандырып, гүлзарлар мен саябақтар санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Сол себепті, Ұлттық Олимпиада комитетінің бұл бастамасына олар дереу қолдау көрсеткен болатын. Сондай-ақ, бұл жобаға қолдау көрсеткендер арасында ҰОК серіктесі «Toyota Motor Kazakhstan» компаниясы да бар.

www.olympic.kz

321 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: