Маусымды сәтті бастағаныма қуаныштымын – дзюдошы Серікжанов

26 қаңтар, 15:20

Дзюдошы Ерлан Серікжанов ересектер арасындағы алғашқы әлемдік жарысында қола медаль алды. Тунисте өткен дзюдодан әлемдік Гран При кезеңінде 66 келі салмақпен сынға түскен ол тұғырға көтерілді. Спортшы Baq.kz тілшісіне сұхбат беріп, жарыстан алған әсерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Ересектер арасында әлемдік деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатыстыңыз. Тунистегі Гран При кезеңі қалай өтті? Дайындығыңыз қалай болды?

- Дайындық жақсы болды. Оның алдында дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасымен Алматыдағы АИБА спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Тунистің алдында Ташкентте халықаралық жаттығу лагері болды. Ол жақтан келген соң үш-төрт күндей Алматыда жаттығып, әрі қарай Туниске кеттік. Жаттықтырушылардың жоспары бойынша дайындалдық.

- Тунистегі Гран При кезеңінде жартылай финалға өз тобыңыздан үздік болып шықтыңыз. Бірақ...

- Ақтық белдесуге жолдамада жапон балуанына есе жібердім.

- Қандай қателіктер болды?

- Қателігім – оң қолымды бос тастап едім, сол сәтте жапон балуаны көтеріп, өз әдісін жасап кетті.

- Одан кейінгі белдесуде қандай әдіс қолдандыңыз?

- Қолаға күрескен кезде қарсыласым орыс балуаны болды. Оны өзімнің әдісіме жақсы ұстап алып, таза жеңіспен жеңдім.

- Қолаға қанағаттанасыз ба?

- Бірінші орын аламын деп мақсат қойдым. Тунистегі жарысқа қалай да бірінші орын алуым керек деп бардым. Бірақ қола медальды қанағат тұтып, шүкір дедім. Жаңа маусымды сәтті бастағаныма қуаныштымын.

- Жеңілген спортшылардан сұрасаң психологиялық жағынан дайын болмағанын айтып жатады. Психологиялық дайындығыңыз қалай? Психологтың көмегіне жүгінесіз бе?

- Психологиялық тұрғыдан дайындығым жақсы болды. Жаттығулардың бәрін жақсы орындадым. Екі жаттығу лагерінің екеуіне де қатыстым. Өзім де Тунистегі жарысқа дұрыс формада келгенімді білдім. Соның арқасында қола медаль алдым.

- Психологпен жұмыс істейсіздер ме? Әлде психологиялық ақыл-кеңес беретін маман жаттықтырушы ғана ма?

- Құрамада психолог жоқ, бізде қазір массажист, дәрігер бар. Психологиялық көмекті жаттықтырушылар береді. Өзіміздің жеке жаттықтырушыларымыз, құрама-штаттың жаттықтырушылары, бас бапкерлер - соның барлығы «сен мықтысың» деген секілді сөздер айтып, психологиялық тұрғыдан көмектеседі.

Serikzhanov

- Жансай Смағұлов, Азамат Мұқанов секілді мықты балуандар 66 келіден басқа салмаққа ауысты. Сіздің салмағыңызда кімдер топ жаруы мүмкін? Мықты деп кімді атайсыз?

- Осы салмақта Елдос Жұмақанов Қазақстан бойынша 1-орында және әлемдік рейтингте 8-орында тұр. Қазақстан чемпионатында екінші және үшінші орын алған Ерлан Жақсыбеков, Бауыржан Сағынғалиұлы, Төлеген Нұрғалиев деген балуандар бар. Олардың бәрін жарыстарға шығарып, Австрия кубогы, Монакадағы турнир, Гран При кезеңдеріне, Үлкен Дулығаға апарып көреді. Сол жерден орын алғандар бәсекеге түсіп, іріктеледі. Арамызда үздік боп шыққан балуан әрі қарай әлемдік жарыстарға, Азия ойындарына қатысады. Дегенмен барлығы - бірінен-бірі асып түсетін мықты балуандар. Жаттықтырушылар солардың бәрінен үміт күтіп отыр.

- Жақында ғана дзюдодан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкер ауысты. Айдос Смағұловтың жұмысын қалай бағалайсыз?

- Айдос Смағұлов - біздің қазіргі бас бапкеріміз, Олимпиаданың қола жүлдегері, тәжірибесі мол. Оның бізге берері әлі де көп деп ойлаймын. Оқу-жаттығу жиындарында қойған жаттығулары мен жүктемелері, бәрі орынды. Сол кісілермен бірге үлкен жетістіктерге жетеміз деп үміттенемін.

- Алда тағы қандай жарыстарға қатысасыз?

- Германияның Дюссельдорф қаласында «Grand Slam» тұр. Бірақ оған басқа балалар барады. Мені Монакодағы Гран Приге қойды. Бұйырса соған дайындаламын. Оған дейін екі жаттығу жиынына қатысу жоспарда бар.

- Дзюдодан бөлек немен шұғылданасыз?

- Спорт колледжін, спорт академиясын бітірдім. Қазір Үржар ауылында жаттықтырушымын. Өзім жұмыс істеп жүріп, жаттығу жасап, жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына барып тұрамын.

- Мақсатыңыз...

- Арманым мен мақсатым – Олимпиадаға бару, Қазақстанға медаль әкелу.

- Үлгі тұтар дзюдошыңыз кім?

- Елдос Сметов ағаларымыз секілді еліме еңбегім сіңсе деп ойлаймын. Сол кісілерге еліктесек жаман болмаймыз.

– Басқа айтарыңыз болса...

- Жеке жаттықтырушым Айдар Қайырбаев ағама рахмет айтамын. Бірге жұмыс істеп келе жатқаныма 12 жыл болды. Нәтиже болмай кеткен кездері сеніп, психологиялық қолдау көрсетіп, демеу бергені үшін ата-анама алғыс айтамын.

Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: