"Болат Тұрлыханов Кубогы" мәресіне жетті

01 қазан

Алматыда грек-рим күресінен "Болат Тұрлыханов Кубогы" Халықаралық турнирі мәресіне жетті. Екі күнге созылған дәстүрлі турнирде 17 елдің балуандары бақ сынап, Олимпиада бағдарламасына кірген 6 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан балуандары 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.

Кеше жарыстың бірінші күні өтіп, онда 59, 75 және 98 келі салмақта турнир жеңімпаздары анықталған-ды. Бүгін қалған үш салмақ дәрежесінде мықтылар белгілі болды.
66 келі салмақта кілең кіл мықтылар белдесті. Алматы Кебісбаев, Данияр Каленов сияқты көптеген халықаралық турнирлерде олжа салған еліміздің балуандарын айтпағанда, жақында ғана Парижде өткен әлем чемпионатында чемпион атанған оңтүстіккореялық Рю Хан Су да Болат Тұрлыханов атындағы турнирге арнайы ат басын бұрыпты. 66 келіде бас жүлдеден бірден-бір үміткер де осы кәріс балуаны болатын. Бірақ, турнир деңгейінің жоғары болғандығы соншалық әлем чемпионы деген атақпен келген Рю Хан Су еліне жүлдесіз қайтты. Әлем чемпионын жартылай финалда Данияр Қаленов ұтты - 1:0. Данияр өткен аптада ғана Ашхабадта аяқталған жабық кешендегі Азия ойындарында жеңімпаз атанып қайтқаны баршамызға белгілі. Болашағынан зор үміт күттіретін балуан осы турнирде алдына жан салған жоқ. Финалда ол еліміздегі тәжірибелі балуандардың бірі - Алмат Кебісбаевты жеңді - 5:3. Алмат та осы турнирде жаман күреспеді. Көп күш жұмсады. Тіпті 1/8 финалда Польшадан келген Роман Поцрковскиден 1:7 есебімен ұтылып жатып, соңғы бір минут қалғанда поляк балуанын таза ұтып кетті. Бұл салмақта қола жүлдені ресейлік балуандар - Павел Салеев пен Арсен Мирзоян жеңіп алды. Соңғысы әлем чемпионы Рю Хан Суды қола жүлдеден қақты.
85 келіде өкінішке қарай, қазақстандық балуандар жүлде ала алмады. Украиналық Жан Беленюк шешуші сында грузиялық Роберти Коблиашвилиден 5:1 есебімен айласын асырып, турнир жеңімпазы атанды. Қола жүлде Николай Стадуб (Беларусь) пен Лаша Гобадзенің (Грузия) еншісінде.
Аса ауыр салмақта, яғни, 130 келідегі алыптар арасындағы бәсекеде Грузия балуандары дес бермеді. Финалда қос бірдей грузиялық балуан - Леван Арабули мен Звиади Патаридзенің арасындағы айқас 3:1 есебімен алғашқысының пайдасына шешілді. Грузия құрамасы бұл турнирге бірінші және екінші нөмірлі балуандарын алып келгенін айта кетейік.
130 келіде үміт артқан балуанымыздың бірі Нұрмахан Тінәлиев болатын. Өкінішке қарай, Нұрмахан жартылай финалда Звиади Патаридзеден ұтылып қалды. Қола медаль үшін болған белдесуде оңтүстіккореялық балуаннан айласын асырды.
Сонымен екі күнге созылған жарыс мәресіне жетті. Алты салмақ дәрежесінде өткен халықаралық турнирдің бас жүлделері алты елге кетті. 59 келі салмақта Оңтүстік Корея, 66 келіде Қазақстан, 75 келіде Түркия, 85 келіде Украина, 98 келіде Ресей балуаны топ жарса, аса ауыр салмақтың алтын медалі Грузияға жол тартты.

186 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: