Балуандарымыз бес жүлдемен оралды

13 маусым

bDtnnetb

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының балуандары Грузияның Тблиси қаласында өткен Гран-при турнирінен бес жүлдемен оралды. Нұрым Дүйсенов баптайтын балуандарымыздың қоржынында 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар.

Грузия астанасында екі апталық оқу-жаттығу жиындарын өткізген грек-рим күресінің шеберлері дайындық жұмыстарын аяқтағаннан кейін бірден Гран-при турнирінде бәсекеге түсті.

Грузияның аты аңызға айналған балуандары – Гиви Картозия мен Вахтанг Балавадзе атындағы Гран-при жарысына Грузиядан бөлек, Иран, Түркия, Қазақстан, АҚШ, Армения, Норвегия және Венгрия сынды елдердің балуандары қатысты. Қазақстан құрамасының сапынан 59 келі салмақта өнер көрсеткен Мейрамбек Айнағұлов барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы атанды. Мейрамбек алғашқы айналымда түрік балуанын жеңсе, одан кейін грузиялық балуаннан айласын асырды. Жартылай финалда тағы да түрік балуанымен жолы түйіскен Мейрамбек бұл жолы да мықтылығын көрсетті. Финалда отандасымыз Норвегия елінен келген Стиг Андре Бергиді қапы қалдырып, турнирдің алтын медалін жеңіп алды. Айта кетейік, 33 жастағы норвегиялық балуан былтыр Рио олимпиадасының қола жүлдегері атанған. Сондай-ақ, ол 2014 жылғы әлем чемпионатының да қола жүлдегері және 2007 жылғы Еуропа чемпионатының күміс медаль иегері.

csFzghj,k.

Қазақстан құрамасының қоржынына түскен екінші алтын медальға 66 келі салмақтағы Данияр Каленов ие болды. Данияр финалда АҚШ балуаны Александр Санчодан айласын асырды.

75 келі салмақта жақында ғана Азия чемпионы атанған Мақсат Ережепов күміс медальды қанағат тұтты. Бас жүлде армениялық балуан Карапет Чалянға бұйырды.

Қола медаль – Даниял Гаджиев (80 кг.) пен Нұрмахан Тінәлиевтің (130 кг) еншісінде.

Жалпы аталмыш турнирдің тарихы өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастау алады. Турнирге кіл мықтылар қатысатындықтан көптеген мамандар бұл жарысты бейресми әлем чемпионаты деп те атайтын. Бірақ, дәстүрлі турнир 2011 жылдан бері қарай белгісіз себептерге байланысты өткізілмей келді. Биыл Грузияның күрес басшылары халықаралық турнирді өткізуді қайта қолға алды.

526 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: