Базарбаев бас жүлде үшін күреседі

05 қыркүйек

Дүйсенбі күні Грекияның Афины қаласында кадеттер арасында әлем чемпионатының жалауы көтерілді. Жарыстың алғашқы күні бозкілемге грек-рим күресінің балуандары шықты.

Әлем чемпионаты осы аптаның соңына дейін жалғасады. Кеше грек-рим күресінен 50, 54, 58, 63 және 100 келі салмақтағы балуандар жарысты бастап кетті.

Біріккен күрес әлемінің (UWW) жаңа ережесі бойынша бұдан былай балуандар жеңімпазды бірінші күні емес, екінші күні анықтайды. Әзірге бұл ереже осы әлем чемпионатына сынақ ретінде енді.

Кеше алғашқылардың бірі болып кілемге шыққан балуандар арасында 54 келіде ел намысын қорғаған Нұрсұлтан Базарбаев финалдық сынға жолдама алды. Нұрсұлтан алғашқы белдесуінде украиналық Мирослав Соловианды 11:1 есебімен күйрете жеңіп, ширек финалға шықты. Жартылай финалдық жолдаманы жапон балуаны Сунао Шимаямен сарапқа салған отандасымыз Күншығыс елінен келген қарсыласын 6:2 есебімен тұқыртты. Ал жартылай финалда Беларусь елінің балуаны Александр Пешуренкадан айласын асырды.

Бүгін Нұрсұлтан әлем чемпионатының бас жүлдесін Ресей балуаны Герман Доевпен сарапқа салады. Ресейлік балуан финалға дейін Қырғызстан, Мексика және Грузия балуандарымен күресіп, қарсыластарына бірде-бір ұпай ұстатпай, таза жеңіп шықты.

63 келіде күрескен Рахат Сағымбай әзірге жарысты аяқтаған жоқ. Ширек финалда ол ирандық балуаннан ұтылған еді. Бүгін енді жұбаныш белдесуін өткізеді. Егер әзірбайжандық Руслан Хадисовтан басым түссе, онда қола медаль үшін грузин балуаны Отар Абуладземен күш санасады.

Өкінішке қарай, дүйсенбі күні белдескен басқа да балуандарымыз финалдық бәсекеге шыға алмады. 50 келіде ел намысын қорғаған Дінмұхаммед Қошқар 1/8 финалда американдық балуанға есе жіберді. 58 келі салмақтағы Әділет Сейсембаев ширек финалда неміс балуанынан бір ұпай айырмашылығымен ұтылды. 100 келіде күрескен Ислам Умаев 1/16 финалда түрік балуанынан жеңіліп қалды.

249 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: