Дзюдодан Қазақстан құрамасы Азия Чемпионатын төртінші орынмен аяқтады

28 мамыр

Бүгін Гонконгта дзюдодан Азия Чемпионаты өз мәресіне жетті. Құрлықтық біріншілікті Қазақстан ұлттық құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен медаль саны бойынша жалпы есепте 29 ел ішінде 4-орынмен аяқтады. Чемпионаттың қорытындысы бойынша бірінші орында Жапония (8 алтын, 1 күміс, 3 қола), екінші орында Оңтүстік Корея (3 алтын, 4 күміс, 7 қола), үшінші орында Моңғолия (1 алтын, 3 күміс, 5 қола) құрамалары тұр.

100 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз Максим Раков ел намысын абыроймен қорғады. Ол финалға дейін қарсылас шыдатпай, финалда кореялық Ким Хуеншеолды вазари ұпайымен ұтып, екі дүркін Азия Чемпионы атанды. Максим Раков 2009 жылы Тайваньда өткен Азия Чемпионатында Чемпион атанған болатын.

Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) финалға дейін жетіп, финалда Моңғолия құрамасының спортшысы Мунхбат Уранцэцэцгке голден скорде жол берсе, финалға дейін жеткен тағы бір дзюдошымыз Елдос Жұмақанов (66 кг) шешуші белдесуде әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері кореялық Ан Баулға есе жіберіп, екеуі де күмісті қанағат тұтты. Жарыстың екінші күнінде ел қоржынына тағы бір күміс медаль қосылды. 90 келіде татамиге шыққан Ислам Бозбаев финалда тәжікстандық Комроншох Устопириенмен белдесуінде ескерту қағазының (шидо) көптігінен жеңіліп, Азия Чемпионатының күміс медаліне ие болды.

73 келіде белдескен Жансай Смағұлов шешуші жұбаныш белдесуінде Иран балуаны Мохаммади Баримонлоу Мохаммадты иппон ұпайымен жеңіп, Азия Чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақстан қыздар құрамасынан Зере Бектақызы (70 кг) және Гүлжан Исанова (+78 кг) жүлдегерлер қатарынан көрініп, Қазақстанға қос қола әкелді.

Сондай-ақ, командалық сайыста Қазақстан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы чемпионатты 5-орынмен аяқтады.

Естеріңізге сала кетсек, Азия Чемпионаты 26-28 мамыр күндері Гонгонкта өтті. Құрлықтық чемпионатқа Азияның 29 елінен 244 спортшы бағын сынады. Қазақстан ұлттық құрамасынан 18 дзюдошы қатысып, 7 медаль алған болатын.

214 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: