ЕЛДОС СМЕТОВ ХОХХОТАҒЫ ГРАН-ПРИ ТУРНИРІНДЕ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

25 мамыр

Елдос Сметов Хоххотағы Гран-при турнирінде чемпион атанды

Қытайдың Хоххот қаласында дзюдодан әлемдік Гран-при турнирі өтіп жатыр. Аталған турнир қазақ дзюдошылары үшін сәтті басталды деп хабарлайды Olympic.kz.

Жарыстың алғашқы күнінде татамиге 60 келідегі Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев, 66 келідегі Елдос Жұмақанов шықты.

2015 жылғы әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Хоххоттағы турнирде алдымен ресейлік Роберт Мшиводабадзені «иппон» әдісімен жеңсе, келесі айналымда жапондық Юма Ошиманы «ваззари» ұпайымен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда Сметов бразилиялық жас талант Фелипе Пелимнен есе қайтарды. Естеріңізде болса, Дюссельдорфта өткен Гран-при турнирінде жерлесіміз Фелипеден ұтылып қалған еді.

1

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір жерлесіміз Ғұсман Қырғызбаев бірінші белдесуіне Солтүстік Корея спортшысын жеңсе, екінші айналымда 2014 жылғы әлем чемпионы, моңғолиялық Ганбат Болдбаатарды таза ұтты. Жартылай финалда тағы бір моңғолиялық балуан Амартувшин Дашдава Қырғызбаевтан айласын асыра алған жоқ.

Осылайша, финалда қазақтың қос балуына жолыққан болатын. Санаулы секундқа созылған финалдық бәсекеде Елдос Сметов «иппон» әдісін орындап, Хоххоттағы Гран-при турнирінің жеңімпазы атанды.

Осыдан біраз уақыт бұрын Елдос Екатеринбургтегі «Үлкен дулыға» турнирінде топ жарған болатын.

Еске сала кетейік, Хоххоттағы турнирге әлемнің 49 елінен 400-ге жуық спортшы қатысуда. Аталған Гран-при додасынан бастап Токио Олимпиадасына ұпай жинау кезеңі басталды.

209 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: