Еркін күрес балуандарында – екі медаль

11 қыркүйек

Грекияның Афины қаласында күрес түрлерінен кадеттер арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бір аптаға созылған бүкіләлемдік жарыстың соңғы екі күнінде еркін күрес балуандары жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының жас балуандары екі қола медальға ие болды. 46 келі салмақта күрескен Адлан Асқаров жартылай финалда Грузия балуанынан ұтылып, қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алған. Шешуші бәсекеде ол әзірбайжан балуанын айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионатының қола медаліне ие болды.

50 келі салмақтағы Ақбар Құрбановтың еншісіне де қола медаль жазылды. Ақбар ширек финалда әзірбайжандық балуаннан ұтылғанымен, жұбаныш белдесуді сәтті өткізіп, артынша қола медальға ие болды. Ақбар жұбаныш белдесуде АҚШ балуанын ұтты. Сөйтіп, әлем чемпионатының қола медалін неміс балуанымен сарапқа салып, 5:3 есебімен жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетейік, күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінің жас балуандары 1 күміс, 1 қола медальға ие болды. Өкінішке қарай, қыздарымызға бұл жолы жүлде бұйырмады. Еркін күрес балуандары жарысты екі қола медальмен аяқтады.

304 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: