ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР САПАЛЫ ДАЙЫНДАЛУҒА ТОЛЫҒЫМЕН МҮМКІНДІК БЕРЕТІН БАЗАЛАРДА ҒАНА ЖАТТЫҒАТЫН БОЛАДЫ

05 шілде

Олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан ұлттық құрамалары спортшылардың дайындалуына толық мүмкіндік қарастырылған, қажетті талаптарға жауап беретін аккредиттелген спорт базаларында да ғана жаттығатын болады.

Қазақстан ҰОК жыл басынан бері ұлттық құрама командалардың жаттығу кезеңдері өтетін орындарды анықтау үстінде. Қазақстан ҰОК спорт Дирекциясы жанынан арнайы Қызмет құрылып, қызметкерлер құрама командалар жаттығу жиындарын өткізетін базаларды тексеру үшін Қазақстан аймақтарын аралап шыққан болатын. Бүгінге дейін 23 спорт базасы аккредитациядан өтті. Аккредитациялау туралы шешімді ҰОК Комиссиясы қабылдайды.

«Барлығы да өз базаларында олимпиадашы спортшылардың жаттыққанын қалайды. Алайда, база белгілі бір стандаттарға жауап беру керек. Біз мұны жаттығу базаларының сапасын бақылау үшін істеп отырмыз. Өкінішке қарай, ең ірі деген спорт базаларында да күрмеуі шешілмеген мәселелер табылады. Біз оларды тез арада шешуге уақыт берудеміз. Қазіргі таңда 23 спорт базасы аккредитациядан өтті, шамамен осынша базаны Комиссия тексеріп жатыр. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев спортшылардың тұрмыстық жағдай мен жаттығу талаптарына алаң болмай, тек қана спорттық нәтижені жақсарту жолында дайындалу керектігін үнемі ескертеді. Құрама командаларды сапалы жаттығу өткізетін базалармен қамтамасыз ету біздің алдымызда тұрған басты мәселелердің бірі», - дейді ҰОК бас хатшысының орынбасары Елдос Рамазанов.

Қазақстан ҰОК бас хатшысы орынбасарының айтуынша, аккредитациядан өткен спорт базаларының басшылары қызмет сапасын төмендетпей, спортшыларға қажетті жағдай жасау үшін үнемі ізденісте болуы тиіс. ҰОК қызметкерлері Алматы, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы спорттық базаларды тексеруден өткізді.Ел аумағындағы мамандандырылған спорттық базалар тізімін жасақтау жөніндегі Комиссия жұмысы аяқталуға жақын. Комиссия жұмысының келесі кезеңі – ел аумағынан тыс жерлердегі спорттық нысандардың жұмысын салыстыру.

1

Одан бөлек, Қазақстан ҰОК президенті Т. Құлыбаевтың тапсырмасы бойынша қолданыстағы спорттық нысандардың инфрақұрылымын жақсарту жолдары қарастырылуда. Атап айтар болсақ, Алматы облысындағы Бүкіләлемдік бокс академиясының спорттық базасында ауыр атлетика залы жабдықталды, жаңа құрылғылар сатып алынды. Осы базаның аумағында үстел теннисі, көркем гимнастика мен семсерлесу спортына арналған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Садақ атудан Қазақстан құрамасына арналған ашық алаңқай құрылысының жобалық құжаттары да дайындалып жатыр. Ақбұлақ кешенінің аумағында велоспорт, оның ішінде маутинбайкқа арналған жаттығу базасын кеңейту жоспарлануда. Одан бөлек, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясымен бірлесе отырып, Астанадағы спорттық кластер аумағында мамандандырылған спорттық база мен спорт Колледжін салу туралы құрылыс жобасы талқылануда. Спорттық базалар мен залдар ескек есу мен ойын түрлеріндегі ұлттық құрамалардың, семсерлесу, жеңіл атлетика, бадминтон, үстел теннисі, суда жүзу, суға секіру, синхронды жүзу, көркем және спорттық гимнастика, акробатика мен батутта секіру, садақ ату, скалолазаниядағы спортшылардың дайындалуына мүмкіндік бермек.

2

Сондай-ақ, функционалды медициналық орталық пен бапкерлер мен оқытушылар құрамына арналған тұрғын үй корпустарын салу мәселесі қарастырылуда. Спорттық жаттығу залдарын салу мен жабдықтаудағы барлық сұрақтарды Қазақстан ҰОК олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерациялармен бірлесе талқылауда.

237 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: