Нью-Дели бозкілемінен 13 медаль бұйырды

16 мамыр

Күрес түрлерінен Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында 10-14 мамыр аралығында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 13 жүлде иеленді, деп хабарлайды sportportal.kz сайтының тілшісі.

Құрлық біріншілігін грек-рим күресінің шеберлері бастады. Қазақстандық классиктер алтынды да, күмісті де, қоланы да жеңіп алды.

Грек-рим күресі шеберлерінің еншісінде 5 медаль

59 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Мейрамбек Айнағұлов турнирдің күміс жүлдесін иеленді. Мейрамбек жарысты ширек финалдан бастады. Ширек финалда солтүстік кореялық Син Мен Риді, жартылай финалда қытайлық Ли Джанды айналдырған бір жарым минут ішінде таза жеңіп (by TF 9-0), финалға шықты. Финалда жапон балуаны Кеничиро Фумитадан азғана басымдықпен ұтылып, (2-1) күміске қол жеткізді.

66 келіде Алмат Кебіспаев бозкілемге беттеді. Алмас бұған дейін Азия чемпионатында 2011 жылы жеңімпаз атанса, 2009 жылы күміс медаль иеленген. Нью-Делиде Алмат та жарысты ширек финалдан бастады. Ширек финалда қытайлық Джинхин Донды 8-0 есебімен ұтты. Жартылай финалда тартысты өткен белдесуде жапониялық Шога Такахашиді 6-4 есебімен тізе бүктірді. Финалда оңтүстік кореялық Сангхун Оға қарсы белдесу тең дәрежеде өтті. Алмат алғаш болып ұпай алған болатын, бірақ кореялық есепті теңестіріп кетті. Күрестегі ереже бойынша тең есепте жеңіс соңғы ұпай алған балуанға беріледі. Кездесу 1-1 есебімен аяқталып, Алмат күміс медаль иеленді.

75 келіде құрама намысын қорғаған Мақсат Ережепов қарсылас шақ келтірмей, Азия чемпионы атанды. Іріктеу белдесуінде қырғызстандық Бурго Бейшалиевті 5-0 есебімен, ширек финалда бозкілем иесі, үндістандық Сингх Гурпритті 8-6 есебімен ұтып жартылай финалға шықты. Финалға жолдама берілетін белдесуде қытайлық Бин Янды 6-1 есебімен қапы қалдырды. Ақтық сында кореялық Дойсунг Пактан 5-0 есебімен айласын асырып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

98 келіде Ерұлан Ысқақов іріктеу белдесуінде ирандық Сейедмостафа Салехизадеден 7-1 есебімен ұтылып қалды. Бірақ қарсыласы финалға шыққандықтан қазақстандық балуан қола үшін күресуге мүмкіндік беретін жұбаныш белдесуіне жолдама алды. Жұбаныш бәсекесінде бозкілем иесі үндістандық Хардип Хардипті бір минуттың ішінде уақытынан бұрын жеңді (by TF 9-0). Қола жүлдеге таласта қытайлық Ди Хиаоны 5-1 есебімен ұтып, үздік үштікті түйіндеді.

130 келіде бақ сынаған Дамир Күзембаев жеребе бойынша жарысты жартылай финалдан бастады. Жартылай финалда өзбекстандық Муминжон Абдуллаевпен өткен белдесу тең дәрежеде өрбіді. Қорытынды есеп 2-2. Күрес ережесіне сәйкес соңғы болып ұпай ешілеген Дамир жеңіске жетті. Финалда ирандық Бехнам Алиакбар Мехдизаде Ариатапеден 3-1 есебімен ұтылған қазақ балуаны күміс медальді мойнына тақты.

Қазақстандық бұрымдылардың еншісінде 4 жүлде

48 келіге дейінгі салмақта Ирина Борисова ширек финалда таиландтық Манлика Есатиді 10-0 есебімен уақытынан бұрын жеңгенімен, жартылай финалда Сонянг Кимнен дәл осындай есеппен ойсырай ұтылды. Қола жүлде үшін өткен белдесуде қырғызстандық Саяна Байызовадан 10-4 есебімен басым түсіп, қолаға қол созды.

537373
Азия чемпионатының қола жүлдегері Ирина Борисова

53 келіде ел намысын қорғаған Жұлдыз Ешімова біріншілікті жартылай финалдан бастады. Кореялық Хуангжо Киммен өткен белдесуде 3-4 есебімен ұтылып жатты, бірақ екінші кезеңде кореялық қолынан жарақат алып қалды. Қарсыласының әлсіз тұсын пайдаланған Жұлдыз таза жеңіспен финалға шықты. Ақтық белдесуде жапониялық Маю Мукайда қазақстандықты уақытынан бұрын жеңіп (by TF 10-0), чемпион атанды. Жұлдыз күміс жүлдегер атанды.

7373783
GOLD Mayu MUKAIDA (JPN) df. Zhuldyz ESHIMOVA (KAZ) by FALL, 10-0

60 келіде Аяулым Қасымова ширек финалда кореялық Конгеун Кимнен 4-0 есебімен айласын асырды. Жартылай финалда турнир қожайыны үндістандық Сакши Маликтен таза ұтылып (by TF 15-3) тек қолаға таласуға мүмкіндік алды. Қола жүлде үшін белдесуде өзбекстандық Набира Есенбаеваны 13-3 есебімен уақытынан бұрын ұтты.

xyjyjsyj

75 келіде құрама сапынан Гүлмарал Еркебаева сынға түсті. Іріктеу белдесуінде қытайлық Палиха Палихаға 8-2 есебімен жол берді. Бірақ қарсыласы финалға шыққандықтан Гүлмарал қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. 3 орын үшін өткен бәсекеде моңғолиялық Уртнасан Пан Очирді белдесу бастала салысымен таза жеңіспен ұтып, қола жүлде иеленді.

Еркін күрес шеберлері 4 медаль жеңіп алды

57 келіде құрама сапынан Нұрислам Санаев сынға түсті. Ширек финалда солтүстік кореялық Кумсонг Риді азғана басымдықпен ұтты (3-2). Жартылай финалда моңғолиялық Занабазар Занданбудқа қарсы өткен белдесуде қарсыласына еш қарсылық көрсете алмады. Белдесу 8-0 есебімен моңғолиялықтың пайдасына шешілді. Қола жүлде үшін өткен белдесуде Нұрислам қырғызстандық Улукбек Жолдошбековтен 7-2 есебімен мықтылық байқатты.

61 келіде Дәулет Ниязбеков бозкілемде шеберлік көрсетті. Ширек финалда тәжікстандық Абдулкосым Файзиевті уақытынан бұрын жеңгенімен (by TF 11-0) , жартылай финалда иран балуаны Бехнам Еша Ехсанпурға 9-4 есебімен жол берді. Ал қола медальға таласта кореялық Джихун Юннан 2-1 есебімен басымдық байқатты.

70 келіге дейінгі салмақта жарыс жолын ширек финалдан бастаған Ақжүрек Таңатаров чемпионаттағы алғашқы белдесуінде моңғолиялық Даваатсерен Хатанбатаарды уақытынан бұрын жеңіп (by TF 12-1), жартылай финалға шықты. Жартылай финалда тартысты белдесуде жапониялық Момохиро Такамураны 11-7 есебімен қапы қалдырды. Финалда қазақ-өзбек текетіресі өтті. Ихтиор Наврузпен өткен финалдық белдесуде Ақжүрек қарсыласынан 11-7 есебімен басым түсіп, Азия чемпионатының алтын медалін иеленді.

rtnsrjryj

86 келіге дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков жарысты ширек финалдан бастады. Біріншіліктегі алғашқы белдесуде түрікменстандық Ашот Машурянды еш қиындықсыз ұтты (by TF 10-0). Жартылай финалда өзбекстандық Умиджон Исмановтан бір ұпай айырмасымен басым түсті (9-8). Алтын медальды сарапқа салатын финалда ирандық балуан Алиреза Мохаммад Каримимачианиға еш қарсылық таныта алмады. Иран жігіті 12-1 есебімен қазақстандықты уақытынан бұрын жеңіп, алтын медаль иеленсе, Азамат күмісті қанағат етті.

Осылайша күрес түрлерінен Үндістан жерінде өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль иеленді.

162 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: