​Юрий Мельников: «Біздің жастар өте дарынды»

18 сәуір

Қазақстан ауыр атлетикасының басына үйірілген қара бұлтқа қарамастан, құрама команда алдағы болатын ірі жарыстарға сақадай-сай дайындалып жатыр. Тіпті бапкерлік құрам кез келген уақытта, қажет болған жағдайда спортшыларды еш қиналмай ауыстыра алады, өйткені құрамаға болашағынан зор үміт күттірер, жүлде жинайды-ау деп үміт артатын бірнеше жас дарынды спортшылар келді.

Команда жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді, бірнеше ірі жарыстардың бар екенін үнемі қаперде ұстап, жаттығу жиындарына шығып тұрады, Жарыстардың ішінде әзірге белгісіздеуі Азия ойындары екені ләзім, өйткені Қазақстан құрамасын Халықаралық федерация(IWF) аясында өтетін барлық турнирлерден шеттетуі себеп болып тұр. Алайда, жарысқа қатыстырылуы бек мүмкін.

Қазіргі уақытта ауыр атлетика спорты толығымен өзгерістерге ұшырап жатыр деуге толық негіз бар. Салмақ дәрежелері(әдеттегі салмақ дәрежелерінен жаңасына көшу) мен Олимпиада ойындарының іріктеу жүйесі реформалану үстінде.

Мұндай өзгерістердің Қазақстан құрамасына да әсер етіп жатқан жайғдайы бар. Бірақ бапкерлік құрам бәріне дайын. Бас бапкер Юрий Мельниковтың айтуына қарағанда, құраманы жасақтау аталмыш қиындықтан оңай құтылып, қорытынды жасақтау үшін сапалы орындаушыларды таңдауға мүмкіндік береді.

«Біздің алғашқы ОЖЖ осы жылдың 12-қаңтарында шымкент қаласында басталды, ол спортшылардың ағзасын қалпына келтіру бойынша, екіншісі жалпы физикалық дайындыққа, ал үшінші және төртінші оқу-жаттығу жиындары - арнайы физикалық жаттығуларға арналды. Алдымен ерлер және әйелдер құрамалары Шымкент қаласындағы БИИК базасында жаттықты. Одан кейін Тараздағы базаны сынап көрді.

Қазіргі кезде біз 13-18 мамырда Шымкентте өтетін Қазақстан Кубогына дайындалып жатырмыз, онда барлық спортшыларымыз, нақтырақ айтқанда бірінші және екінші құрам қатысады деп күтілуде. Бұл бапкерлік құрам үшін таптырмас мүмкіндік, себебі құрамадағы атлеттердің қайсысы қандай деңгейде дайын екенін білетін боламыз.

Биылғы жылы салмақ дәрежелері өзгереді деп күтілуде, енді ерлер 10, әйелдер 10 салмақ дәрежелері бойынша сынға түседі. Сондай-ақ Олимпиаданың іріктеу жүйесі де айталықтай түрленді, оның аясында спортшы IWF-тің кем дегенде алты жарысына қатысуы керек. Алдағы уақытта бұл мәселе бойынша бір нақты тоқтам болады деп ойлаймын.

Командада Олимпиада ойындарының жеті қатысушысы, жеңімпазы және жүлдегерлерімен қатар үлкендердің ізін басып, үзеңгі қағыстырып келе жатқан дарынды жастар да бар, яғни ол дегеніңіз бәсекелестік күшейді деген сөз. Сондай-ақ Қазақстан Кубогы қорытындыланғаннан кейін командада жаңа есімдердің пайда болатыны айдан анық», - деп атап өтті Ю. Мельников.

144 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: