Дзюдодан Қазақстан құрамасы Гран При кезеңінде көш бастады

22 қаңтар

19-21 қаңтар күндері Тунисте дзюдодан әлемдік Гран При кезеңі өтті. Әлемнің 46 елінен 334 татами шеберлері жиналған халықаралық додада Қазақстан құрамасының дзюдошылары 2 алтын, 3 қола медальмен медаль саны бойынша жалпы командалық есепте жарысты 1 орынмен аяқтады.

Ғұсман Қырғызбаев

Жарыстың алғашқы күнінде 60 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз Ғұсман Қырғызбаев жарыстың қола жүлдесін қанжығалады. Ғұсман Қырғызбаев жарысқа екінші айналымнан қосылды. Алғашқы қарсыласы Ресей балуаны Альберт Монгушты, екінші айналымда бельгиялық Джори Верстритенді иппонмен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Валиде Хьиярға есе жіберген отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев жұбаныш белдесуінде марокколық Ясин Моудатирді жеңіп, жарыстың қола медаліне ие болды.

Ерлан Серікжанов

66 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан Ерлан Серікжанов жұбаныш белдесуінде Ресейлік Иса Исаевты иппонмен жеңіп, ел қоржынына екінші қола медальді салды.

Әлемдік Гран При кезеңінің екінші күнінде Жансай Смағұлов (73 кг) қарсылас шақ келтірмей, финалда Акус Кгакованы ұтып, жарыс жеңімпазы атанды.

Жансай Смағұлов

Ширек финалда Жансай Франция спортшысы Акус Бенджаменді жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Иран спортшысы Мохаммед Мохаммедиді иппонмен жеңіп, финалға жолдама алған болатын.

Ислам Бозбаев

Жарыстың соңғы күнінде 90 келіге дейінгі салмақта белдескен Ислам Бозбаев жеңімпаз атанды.

Ислам Бозбаев жартылай финалда чех балуаны Дэвит Кламмерті жеңіп, финалға жолдама алған болатын. Шешуші финалда отандасымыз венгриялық Тоц Кристианды таза жеңіспен ұтып, ел қоржынына екінші алтынды салды.

Виктор Демьяненко

Сондай-ақ, 100 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан тағы бір отандасымыз Виктор Демьяненко жұбаныш белдесуінде алжирлік Льес Буякубты иппонмен ұтып, Қазақстан қоржынына үшінші қола медальді сыйлады.

Естеріңізге сала кетсек, 19 қаңтар күні Тунисте 2018 жылдың дзюдо маусымы басталды. Жылдың алғашқы жарысына Қазақстаннан 13 дзюдошы қатысып, оның 5-еуі жеңіс тұғырынан көрінді.

517 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: