Ардагерлерде 1 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль

16 қазан

Болгарияның Пловдив қаласында грек-рим және еркін күрестен ардагерлер арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл сынға қатысқан Қазақстан құрамасының балуандары елімізге 1 алтын, 2 күміс, 4 қола медальмен оралды.

Әлем чемпионаты әр жас аралығы бойынша 4 категорияға бөліп өткізілді. Қазақстан балуандары грек-рим күресінен 5 медаль жеңіп алса, еркін күрес шеберлері 2 медальға ие болды.

Пловдив қаласында өткен әлемдік додада Қазақстан балуандары арасынан 58 келі салмақта күрескен Нұржан Нұрбеков бас жүлдеге ие болды. Нұржан грек-рим күресінен С категориясы бойынша күш сынасты. Ол алдымен Иран балуанын ұтса, одан кейін АҚШ балуанын жеңді. Финалда норвегиялық қарсыласынан айласын асырды.

Грек-рим күресінен Е категориясы бойынша ел намысын қорғаған Қайрат Борамбаевтың (76 келі) да еншісінде күміс медаль бар. Қайрат негізі әлем чемпионатында қола медаль алған еді. Алайда, бас жүлде алған Иран балуаны жарыс ережесін бұзып, ұйымдастырушылар ирандық балуанды турнирден шеттеді. Осылайша, Қайратқа күміс медаль бұйырды.

97 келі салмақта күрескен Абдолла Забаков Е категориясы бойынша сынға түсті. Еркін күресте Абдолла бесінші орынға табан тіресе, грек-рим күресінде күміс медальға ие болды.

Әлем чемпионатының қос бірдей қола медалін 63 келі салмақта белдескен Мұхтар Уссин жеңіп алды. Мұхтар Е категориясы бойынша кілемге шығып, еркін күресте де грек-рим күресінде де әлем чемпионатының жүлдегері атанды.

Сондай-ақ, әлем чемпионатының қорытындысы бойынша еркін күрес шебері Тұрпәлі Сулиманов (Е категориясы, 76 келі) пен грек-рим күресінің балуаны Аманқос Ниязов (В категориясы, 63 келі) та әлем біріншілігінің қола медаліне ие болды.

189 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: