Азия чемпионаты мәресіне жетті

18 маусым

Тайпейдің Тайчунг қаласында күрес түрлерінен жастар арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті. Еліміздің жас балуандары жарыстың соңғы күні ел қоржынына 1 күміс, 3 қола медаль салды.

Азия чемпионатының соңғы күнін еркін күрес балуандары қорытындылады. Алдымен бозкілемге шыққан 55 келі салмақтағы Қуатбек Мұхаммед финалға дейін қарсыластарын қапы қалдырып, Азия чемпионатының ақтық белдесуіне шыққан. Өкінішке қарай, отандасымыз күміс медальмен күптелді. Финалда Қуатбек өзбек балуанына жол берді.

60 келі салмақта сынға түскен Сұлтан Беисов қола жүлдегер атанды. Жартылай финалға дейін Вьетнам мен Корея елінің балуандарын ұтқан Сұлтан финалдық жолдаманы ирандық балуанмен сарапқа салып, ұтылып қалды. Қола медаль үшін болған белдесуде қырғыз балуанын таза жеңді.

Қоржынымызға түскен тағы бір қола медаль Жақсылық Сұлтанның (74 келі) еншісіне жазылды. Ол үнді балуанын алғашқы айналымда ұтса, ширек финалда түркменстандық балуанды тізе бүктірді. Жартылай финалда өзбек балуаны Жақсылықтың алдын орап кетті. Қола медаль үшін болған шешуші бәсекеде отандасымыз Оңтүстік Корея балуанын 10:4 есебімен айқын ұтты.

96 келі салмақта ел намысын қорғаған Серік Бақытханов та Қазақстан құрамасының қоржынын қола медальмен толықтырды. Серік тәжік пен қытай балуандарын ұтып, жартылай финалға шығып еді. Алайда, қырғыз балуанымен болған белдесуде 4:4 есебі тіркелгенімен жеңіс қарсыласына берілді. Үшінші орын үшін болған белдесуде Серік өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Моңғол балуанымен болған кездесу 10:9 есебімен қазақ балуанының пайдасына шешілді.

Сонымен төрт күнге созылған Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан балуандары барлығы 1 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды. Жарыстың алғашқы екі күнінде сынға түскен грек-рим күресінің шеберлеріне 2 күміс, 3 қола медаль бұйырса, қыздарымызда 1 алтын, 1 қола медаль бар. Еркін күрес балуандарының еншісінде - 2 күміс 3 қола медаль.

542 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: