Досжан Картиков: Рио Олимпиадасынан кейін жүрегім сыр бергені рас

19 сәуір

Грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Досжан Қартықов Рио Олимпиадасында жүлде күткен санаулы палуандардың бірі болғандығы өтірік емес. Бразилия жерінде өткен төрт жылдықтың басты жарысындағы сәтсіздігінен кейін Досжанды бозкілемнен көрмей кеттік. Сәуірде өтетін күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатына Досжан қатысады дегенді естіп палуанмен тілдескен едік.

- Досжан, Рио Олимпиадасынан соң өзіңізді жоғалтып алдық.

- Ол рас. Рио Олимпиадасынан кейін жарақатымды емдеп алу мақсатында сегіз ай үзіліс алдым. 2015 жылы екі тіземді жарақаттадым. Рио Олимпиадасы қарсаңында бір тіземе ота жасаттым. Екінші тіземде әлі де жарақатым бар. Төрт ай болды жаттығуымды қайта бастадым. Тізем бұрынғыдай ауырмайды. Бұйырса сәуірде өтетін Қазақстан чемпионатына қатыссам деп отырмын.

- Жаттығудан қол үзген көп палуандар салмақ қосып алып жатады. Сізде қалай? Қазақстан чемпионатында қай салмақта белдесесіз? Басты қарсыластарыңыз деп кімдерді атай аласыз?

- Мен бұған дейін 75 келіге дейінгі салмақта белдесіп келдім. Ол кезде де 5-6 келі салмақ қуатынмын. Қазіргі салмағым 82. Бүгінде жарыс өткізу форматы өзгергенін білесіздер. Бұрындары бір күн бұрын өлшенетін болсақ қазір жарыс басталғанға екі сағат қалғанда өлшенеміз. Сондықтан Қазақстан чемпионатында 82 келіге дейінгі салмақта күш сынасуды жөн көріп отырмын. Бұл салмақта соңғы Азия чемпионатында қарсылас шыдатпаған Асхат Ділмұхамбетов, Лондон Олимпиадасында Қазақстан қоржынына қола салған Даниял Гаджиев сынды мықты палуандар бар. Екеуінен өзге артымыздан ерген көп үміт күттіретін жас палуандар жеткілікті.

- Кеше Алматыда аяқталған жасөспірімдер арасындағы Тұрлыханов турнирінде Дәулет Болатұлы Тұрлыхановтың өзі «Досжан жаттығуына кірісті, бұйырса Токио Олимпиадасына барып қалады» деген болатын. Жапония жеріндегі Олимпиада ойындарына жол түсіп жатса сізді қай салмақта көреміз. Мүмкін біраз салмақ қосып 87 келіге дейінге салмақта белдескен дұрыс болар.

- Мен үшін 87 келіге көтерілгеннен 77 келіге түскен оңай. Негізінде менің дене бітімім 77 келіге келеді. Аздаған диета ұстап, жаттығуға толық кіріскен соң сол салмаққа оралатын шығармын. Қазіргі салмағым 82 болғандықтан салмақ қуаламай Қазақстан чемпионатында осы салмақта белдескелі отырмын.

- Салмақ қуалау жүрекке әсерін беретіні белгілі. Ұзын құлақтан Досжанның жүрегі сыр беріп күрестен демалыс алды дегенді де естіп жатамыз. Бақтияр Байсейітов ағамыз палуандардың жасөспірім кезінде салмақ қуалауы жүрегіне қатты әсер ететіндігін кешегі жиында айтқан еді...

- Рио Олимпиадасынан кейін жүрегім шаншып, ағайым Георгий Цурцумиямен ақылдасып демалуды жөн көрдім. Бақтияр ағаммен толықтай келісемін. Салмақ қуалау мәселесіне көп көңіл бөлу керек. Қай жаста болмасын салмақ тастауға келгенде абай болу шарт. «Артық қыламын деп тыртық қылып» алып жататын кезіміз көп. Салмақты дұрыс қуалай білу керек. Режим ұстамай, уақытылы жатып уақытылы тұрмай, дер кезінде тамақтанбай жүріп салмақ қуаласаңыз жүрекке әсері болмай қайтсін. Дегенмен қазіргі ережеге сәйкес көп салмақ тастай алмайсың. Себебі екі сағатқа өз қалпыңа келіп үлгеру мүмкін емес.

- Әңгімеңізге рахмет! Қазақстан чемпионатында жеңіске жетуіңізге тілектеспін

Cұхбат "Prosports.kz" сайтынан алынды

https://prosports.kz/kz/news/271202

137 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: