Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының басшылығы еліміздің әр өңірінен келген бапкерлермен жиналыс өткізді

27 ақпан

Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының аясында федерация басшылығы барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларынан келген аға бапкерлермен жиналыс өткізді. ҚР ҰОК Бас хатшысы және Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Вице-президенті Данияр Абулғазин бапкерлер алдында сөз алып, Дәулет Тұрлыхановты федерацияға грек-рим күресі жөніндегі Вице-президент болып тағайындалуымен құттықтады.

«Менің ойымша Дәулет Болатұлының келуімен жаңа, нәтижелі жұмыс басталатынына сенімім мол. Себебі бұл азамат спортшы ретінде өте көп жетістіктерге жеткен, бапкер ретінде бірқатар мықты спортшыларды тәрбиелеген және басшы ретінде өзінің жақсы ұйымдастырушы екенін дәлелдеген. Қазақстанның әр түкпірінен келіп отырған сіздер оны жақсы танисыздар және сыйлайсыздар. Ендігі жерде грек-рим шеберлері осы азаматтың бастауымен бірқатар жақсы нәтижелерге жетуі керек деп есептеймін. Сол себепті федерацияның атқарушы комитетінің Бюросында жаңа мақсат міндеттерге сәйкес, грек-рим және еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкерлерін ауыстыру мәселесі қаралған. Бұл өзгерістер өзінің оң ықпалын тигізуі керек, аталған бапкерлерді барлығыңыз жақсы білетін тәжірибелі мамандар. Қазіргі басты мақсатымыз күш біріктіріп жаңа чемпиондар толқынын даярлап шығару. Біздің федерация барлық жағдайды жасап отыр, жаттығу базалары бар, енді тек тынбай еңбек етуіміз керек. Тағы да бір айтқым келіп отырған маңызды мәселе ендігі жерде біз бапкерлер мен төрешілер құрамы үшін, шет елдің үздік мамандарын шақырып тренингтер, оқу курстарын ұйымдастыруымыз керек.» - деп атап өтті Данияр Абулғазин.

Дәл осындай жиынға еркін күрестен барлық өңірлердің аға бапкерлері жиналды. Федерацияның бапкерлер кеңесі мен төрешілер корпусымен жұмыс жөніндегі Вице-президенті Ерлан Қожасбай қатысушыларға Ұлттық құрама команданың жаңа бас бапкерін таныстырды. Сонымен қатар бапкерлердің алдында тұрған жаңа міндеттер мен тапсырмалар жөнінде әңгіме қозғады.

Бапкерлер құрамын қайта жасақтау федерацияның алдында тұрған жаңа тапсырмалар мен мқсаттарға байланысты. Бұл мамандарды сіздер бұрыннан білесіздер. Оолар өз ісіне жауапты, тәжірибелі азаматтар деп айта аламын. Қазір біз жаңа мақсаттарды көздеп отырмыз. Сол себепті ең бірінші кезекте барлық олқы кеткен тұстарымызды ретке келтіруіміз керек. Жаңа олимпиадалық кезеңде жоспарлы түрде жұмыс бастаймыз.», - деп атап өтті Ерлан Қожасбай.

649 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: