Қоржынымызда үш қола медаль

27 ақпан

Қырғызстанның Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды. Наурыз айының 4-іне дейін созылатын құрлықтық жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінің балуандары бозкілемге шықты.

Азия чемпионаты жыл сайын сәуір-мамыр айларында өтетін. Алайда Бірлескен күрес Әлемінің басшылары биылғы құрлықтық жарысы жыл басына бекітті. Осыған байланысты ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы Қазақстан чемпионатын көктемгі мезгілге қалдырды.

Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты осыдан 11 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2007 жылдың мамыр айында алғаш рет өткен. Содан бері Азия балуандарының Қырғызстан астанасына жиналып тұрғандары биыл ғана.

Жарыстың бірінші күні грек-рим күресінің шеберлері 55, 63, 77, 87 және 130 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Өкінішке қарай, бес салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекенің финалына Қазақстан балуандары шыға алмады. Қоржынымызда тек 3 қола медаль бар.

55 келі салмақ дәрежесіндегі отандасымыз алматылық Қорлан Жаханша алғашқы айналымда қырғыз балуаны Жоламан Шаршенбековтен ұтылып қалды. Алайда, қола медаль үшін болған белдесуде Жаханша қытайлық қарсыласын жеңіп, Қазақстан қоржынына осы чемпионаттағы алғашқы жүлдені салды.

Айта кетейік, Қорлан Жаханшаны алғашқы айналымда жеңген Жоламан Шаршенбеков финалда жапониялық Шота Танакураға жол беріп, күміс медальды қанағат тұтты.

63 келі салмақта ел намысын қорғаған Мейрамбек Айнағұлов та Азия чемпионатын қола медальмен қорытындылады. Ол ширек финалда ирандық Морад Абдевалиді айқын басымдықпен (10:0) ұтты. Бірақ, жартылай финалда өзбекстандық Елмұрат Тасмұрадовқа тізе бүкті. Қола медаль үшін күресте Мейрамбек өз мүмкіндігін мүлт жібермеді, үнді балуаны Викрам Курадені 9:0 есебімен талқандап, жүлдегерлер қатарына қосылды.

Былтыр Нью-Делиде (Үндістан) 75 келі салмақта Азия чемпионы атанған Мақсат Ережепов те бұл жолы қола медальмен шектелді. Мақсат 77 келі салмақта өнер көрсетіп, алғашқы белдесуінде ирандық балуаннан ұтылды. Бірақ, артынша екі қарсыласын жеңді. Алдымен жұбаныш белдесуде тәжікстандық балуанды қапы қалдырса, қола медаль үшін айқаста Жапония өкілінен айласын асырды.

87 және 130 келідегі Хусейн Муцольгов пен Антон Савенко өкінішке қарай, жүлделі орынға бірқадам жетпей тоқтады. Х.Муцольгов ширек финалда сүрінсе, А.Савенко жартылай финалда жеңілді. Екі балуан да қола медаль үшін таласта қарсыластарына есе жіберіп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Азия чемпионатының екінші күні бозкілемге Айдос Сұлтанғали (60 келі), Алмат Кебісбаев (67 келі), Демеу Жадыраев (72 келі), Асхат Ділмұхамедов (82 келі), Ерұлан Ысқақов (97 келі) шығады.

Фото: www.sport.kg

410 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: