«Тахти» кубогында белдесетін балуандар белгілі

05 ақпан

Ақпанның 7-9 аралығында Иранның Тебриз қаласында еркін күрестен «Тахти» кубогы жолындағы халықаралық жарыс өтеді. Жыл сайын өтетін дәстүрлі турнирде Қазақстанның еркін күрес балуандары да күш сынасады.

Жақында «Тахти» кубогына Қазақстанның грек-рим күресінің балуандары қатысып қайтқан болатын. Онда Нұрым Дүйсеновтің шәкірттері 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль алып, командалық есепте үздік үштікке кірген.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсет Серікбаев Тебриз қаласында өтетін халықаралық турнирге құрамадағы екінші нөмірлі балуандарды жіберуді көздеп отыр. Бас бапкердің мұндай шешімге неліктен келіп отырғаны мәлім. Осы айдың соңында Бішкек (Қырғызстан) қаласында Азия чемпионаты өтеді. Осыған байланысты негізгі құрамдағы жігіттер құрлық біріншілігіне дайындалады. Бүгінде олар Әзірбайжанда жергілікті балуандармен бірге оқу-жаттығу жиындарын өткізіп қайтты. Енді ақпан айының 11-і күні Таразда Азия чемпионаты қарсаңындағы соңғы жаттығу жиынын өткізеді.

Жалпы «Тахти» кубогы 2009 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жылдары Ираннан бөлек, Түркия, Ресей, Украина сияқты елдер қатысып жүрді. Кейінгі жылдары турнир аясы кеңейді.

«Тахти» турнирінің тарихына көз жүгіртсек, Қазақстан құрамасының балуандары осыған дейін бұл жарыстан 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған екен. Нақтырақ айтсақ, 2014 жылы 61 келі салмақта күрескен Дәулет Ниязбеков еркін күрес бойынша Қазақстан балуандарының арасында бірінші болып, аталмыш турнирдің жеңімпазы атанды. Дәл сол жылы Расул Қалиев (57 келі) пен Дәулет Шабанбай (125 келі) күміс медальмен оралды. Қола жүлдені 65 келідегі Дәурен Жұмағазиев еншіледі.

Былтыр жарыс командалық түрде өтіп, онда Қазақстан құрамасының балуандары қола жүлдеге ие болды. Құрама сапында Нұртай Нұрғалиев, Нұрдәулет Көктеубаев, Дәурен Жұмағазиев, Мамед Ибрагимов және тағы басқа балуандар өнер көрсетті.

«Тахти» кубогында күресетін Қазақстан балуандары

Саятбек Оқасов (65 келі), Нұрлан Бекжанов (74 келі), Жігер Зәкіров (79 келі), Нұрдәулет Көктеубаев (86 келі), Сәкен Айтжанов (86 келі).

542 рет қаралды
Мақаланы ұнаттыңыз ба? Әлеуметтік желі (тор) арқылы достарыңызбен бөлісіңіздер!

0 пікірлер

Пікіріңізді қалдырғыңыз келсе, төменде көрсетілген әлеуметтік торлардың біреуі арқылы тіркеліңіз: